Қазіргі таңда біз кез келген ақпаратты секунд ішінде тауып алуға дағдыланғанбыз. Жақын адамыңыздың телефон нөмірі, тарихтан маңызды дата немесе жай ғана дәмді тағамның рецепті болсын — бәрі Google-да немесе смартфон жадында сақтаулы. Алайда, осы жайлылықтың артында «цифрлық амнезия» деп аталатын қауіпті құбылыс жатыр. Бұл — миымыздың интернетте оңай табылатын ақпаратты есте сақтаудан бас тартуы. Біз ақпараттың өзін емес, оны қай жерден іздеу керек екенін ғана жаттап алатын «Google эффектісіне» тәуелді болып қалдық.
Цифрлық амнезия заманында ақпараттың көптігі сонша, ми оны «керексіз қоқыс» ретінде бірден өшіріп тастауға тырысады. Бұл жерде дизайн тек безендіру құралы емес, ақпаратты есте сақтауға мәжбүрлейтін когнитивті құралға айналады. Дизайн арқылы біз мидың «Google эффектісіне» тосқауыл қойып, деректерді ұзақ мерзімді жадқа бағыттай аламыз. Бұл үшін инфографика жай ғана сурет емес, мидың нейрондық байланыстарын іске қосатын белсенді орта болуы тиіс.
Инфографикадағы цифрлық амнезияға қарсы басты қару — визуалды иерархия мен метафора. Адам миы құрғақ цифрларды ұмытып қалғанымен, мағыналы образдарды жақсы сақтайды. Мысалы, деректерді жай тізіп шықпай, оларды бір-бірімен логикалық тізбек арқылы байланыстыру қажет. Дизайнер ақпаратты «шайнап» бермеуі керек; керісінше, оқырманның көзі элементтерді іздеп, мағынасын ашуы үшін белгілі бір визуалды кедергілер мен жұмбақтар қалдыруы тиіс. Бұл «когнитивті күш салу» деп аталады — адам ақпаратты түсіну үшін аз да болса күш жұмсаса, ол ақпарат мида әлдеқайда ұзақ сақталады.
Сонымен қатар, инфографикада «Миллер заңын» (7±2 ережесі) сақтау өте маңызды. Миллер заңының басты құпиясы — ақпаратты блоктарға біріктіру. Ми жекелеген 10 цифрды жаттай алмайды, бірақ сол 10 цифрды 2-3 топқа бөлсе (мысалы, телефон нөмірі сияқты: 8707-ХХХ-ХХ-ХХ), оны есте сақтау әлдеқайда жеңілдейді. Дизайнда бұл принцип «топтастыру» деп аталады. Біз мағынасы жақын элементтерді бір блокқа жинағанда, оқырманның миы оны көптеген ұсақ дерек емес, бір ғана тұтас образ ретінде қабылдайды. Сол арқылы мидың жүктемесін азайтады, бірақ әр блоктың бірегей визуалды идентификаторы (түсі, формасы, иконкасы) болуын қадағалайды. Түстердің психологиялық әсерін қолдану (мысалы, маңызды фактілерді қанық түспен белгілеу) мидың зейінін фокустап, «бұл ақпаратты сақтау керек» деген сигнал береді. Демек, жақсы инфографика — бұл ақпараттың көптігі емес, оның мидың мүмкіндігіне сай дұрыс топтастырылуы.
Қорыта айтқанда, цифрлық амнезияға қарсы инфографика — бұл оқырманды пассивті бақылаушыдан белсенді зерттеушіге айналдыратын дизайн. Біз ақпаратты жай ғана экранға шығармаймыз, біз оны адамның санасында қайта құрастырамыз. Түс, типографика және композиция арқылы біз миға ақпаратты «скриншот» жасап қана қоймай, оны сезінуге және мағыналық деңгейде қабылдауға көмектесеміз. Сапалы дизайн — бұл ұмытылмайтын тәжірибе, демек, ол цифрлық амнезияның басты жауы.
Ақбота Қыдырбек
