Mediasauat.kz
Әлеуметтік желі және қоғам

ҒАЛАМТОР ТОРЫНДАҒЫ ЖАСТАР

Заман өзгеріп, жаңа технологиялар дамыған сайын жасөспірімдердің ұялы телефон мен компьютерге әуестігі артып барады. Қазіргі таңда олар күнделікті тұтынатын заттардың біріне айналды.

Компьютер мен ғаламтор қолданысқа енген кезден бастап-ақ көптеген адамдар компьютерге тәуелді бола бастаған еді. Уақыт өте келе технологиялар жетілдіріліп, ғаламтор ұялы телефондарға да енгізілді. Қазір көшеде болсын, үйде болсын, жұмыс орнында болсын – қай жерге барсаңыз да ұялы телефонына үңіліп отырған адамдарды көресіз. Бұл аз болғандай, мектеп оқушылары да ғаламтордың «тұтқынына» айналып барады. Тіпті кішкентай сәбилердің өзі осы «сиқырлы құтыға» байланып қалғандай.

Көптеген балалар ата-анасының айтқанын тыңдағысы келмей, телефонға үңіліп әлденемен әлек болады. Сонда оларға ғаламтордың қаншалықты қажеті бар деген ой еріксіз туындайды. Шынын айтқанда, кейбір ата-аналар да баласының болашағына бейқам қарайтындай көрінеді. Баласы қатарынан қалмасын деп қымбат ұялы телефон алып беріп, өздерінен біртіндеп алыстатып жатқан жоқ па екен?

Баласының телефонға әуестеніп жүргенін көре тұра, олардың рухани дүниеден, кітап оқудан, сауаттылықтан алыстап бара жатқанын кейбір ата-аналар аңғармай жатады. Кей балалар ойын дұрыс жеткізе алмай, сөздік қорының азайып бара жатқанын да байқамайды. Ғаламтордағы онлайн ойындар балалардың сөйлеу тілін шектеп, шығармашылық ойлау қабілетінің дамуына кедергі келтіреді деген пікірлер де бар.

Сондықтан жасөспірімдерге ұялы телефон берген кезде ата-аналар мен үлкендер олардың пайдалануын бақылап отырғаны жөн. Қандай бағдарлама орнатты, қандай ойын ойнайды, қандай сайттарға кіреді – осының бәрін қадағалап отырса артық болмайды. Қазіргі таңда балаларды қызықтыратын ойындардың түрі өте көп. Оқушы үзіліс кезінде ойын ойнап, соған қызығып отырған кезде қоңырау соғылып, сабақ басталады. Бірақ ойынның әсерінен арыла алмаған бала сабақ барысында түсіндірілген тақырыпты толық қабылдай алмайды. Осындай жағдайда білім алған баладан ертең қандай сауатты азамат қалыптасады?

Қазіргі жастардың арасында ашуланшақтық пен өзімшілдік те байқалып жатады. Кейбіреулер өз пікірін ғана дұрыс деп санап, өзгенің ойына құлақ аса бермейді. Ал біздің ата дәстүріміз бойынша үлкенді сыйлау – ең басты құндылықтардың бірі. Үлкен кісі кейде артықтау айтып жатса да, кішілер оған өкпелемей, керісінше өз қателігін түзетуге тырысқан. Өйткені көпті көрген адамның ақылы – өмір тәжірибесінің жемісі.

Тағы бір мәселе – жасөспірімдердің ғаламтор арқылы виртуалды достар табуы. Соның салдарынан олар телефонға одан сайын тәуелді болып қалады. Кейде сөйлесу барысында сөздерді дұрыс жазбай, қысқартып жазады. Мысалы, «Жақсымын, өзің қалайсың?» дегеннің орнына «Ок. Озин?» деп жаза салады. Мұндай әдет ана тіліміздің көркемдігін төмендетіп, сауаттылыққа кері әсер етеді.

Осындай бос әңгімеге беріліп отырған кезде ата-анасы бір жұмыс тапсырса, кейбір жастар ашуланып кетеді. Нәтижесінде олар айналасындағы адамдардан алыстап, қымбат уақытын босқа өткізіп жатады.

Әрине, жаңа технологиялардың пайдалы жақтары да аз емес. Интернет арқылы бизнесті дамытуға, электронды кітаптардан қажетті мәліметтер алуға, білімді толықтыруға мүмкіндік мол. Сондықтан жасөспірімдерге ақпараттық технологияларды дұрыс пайдалануды үйрету – бүгінгі заманның басты талаптарының бірі.

Қазақ халқы «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Сондықтан ғаламторға шамадан тыс әуестенген бала кейін өз жақындарынан алыстап кетпесе екен деген ой әр ата-ананы алаңдатуы тиіс.

Бифат ЕЛТАЕВА

Ұқсас жазбалар

Цифрлық амнезияға қарсы инфографика

admin123

Қуыс үйден қашу: Нелли Блайдың тарихы

admin123

ҚАЗІРГІ ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАСПА ӨНІМДЕРІ ДИЗАЙНЫНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

admin123