Mediasauat.kz
Әлеуметтік желі және қоғамЖаңалықтар мен трендтер

ҚАЗІРГІ ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАСПА ӨНІМДЕРІ ДИЗАЙНЫНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Соңғы бес жылда балаларға арналған баспа өнімдері дизайны айтарлықтай трансформацияға ұшырады. Қазақстанда баспа ісінің цифрландырылуы, жаңа технологияларды енгізу және инновациялық тәсілдерді пайдалану кеңінен зерттеліп келеді. Бұл үрдістер балалар басылымы мен балаларға арналған өнімдердің көркемдік-бейнелік шешімдеріне де елеулі ықпал етті. Сонымен қатар, әлемдік нарықтағы балаларға арналған киім және баспа өнімдері саласындағы негізгі трендтерге назар аударылуда. 2026 жылға дейін бірнеше жаңа стильдер мен идеялар өзекті болмақ. Солардың ішінде мультфильмдік мотивтердің сюжеттік элементтерге айналуы, сондай-ақ табиғаттың микроэлементтері арқылы детальдарды бейнелеу сияқты бағыттар ерекше мәнге ие.

Қазіргі қоғамды цифрлық технологиясыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі ұрпақ – телефон арқылы өсіп келе жатқан буын. Телефон, анимациялық бейнелер мен ойындар баланың өміріне ерте жастан еніп, оның қабылдау жүйесін, ойлау дағдысын, эстетикалық талғамын өзгертті. Осындай жағдайда балаларға арналған дәстүрлі баспа өнімдері де уақыт талабына сай түрленіп, жаңа форма мен мазмұн іздеуде. Бұл өзгеріс ең алдымен дизайн трансформациясынан көрініс табады. Жалпы қоғамдағы адамдардың талғамы күн сайын жаңаруда, ол да технологияның дамуымен байланысты болып отыр. Ересектер ғана емес, балалар да ұзақ мәтінді оқып отыруға шыдамайтын, ақпаратты жылдам қабылдауға бейімделді. Мұндай жағдайда кітаптың немесе журналдың дизайндық үлгісі баланың назарын ұстап тұруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан заманауи баспа өнімдерінің дизайны тек эстетикалық безендіру емес, ол – психологиялық әсер ету мен ақпарат жеткізудің негізгі құралына айналды. Қазіргі телефондағы түс пен пішіннің динамикасына, иллюстрацияның эмоциялық мазмұнына ерекше назар аударады. Түстердің қанықтығы, контрастылық, интерактивті беттерге ұқсас композициялар барлығы цифрлық экран мәдениетіне бейімделген. Бұрынғы баспа өнімдері статикалық, яғни тек көру арқылы қабылданатын материал болса, қазіргі дизайнда қозғалыс пен динамика элементтері бейнелік шешім арқылы беріледі. Уақыт өткен сайын балалар әдебиеті мен визуалды мәдениеттің тілі де жаңарып, жаңа эстетикалық және психологиялық талаптарға сай түрленіп келеді. Бұрынғы кезеңдегі балаларға арналған баспа өнімдері қарапайым әрі мазмұнға басымдық берілген сипатта болатын. Кеңес дәуірі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жарық көрген балалар журналдары мен кітаптарында басты мақсат – балаға тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды сіңіру еді. Сол себепті дизайн элементтері шектеулі, иллюстрациялар қолмен салынған, түстер аз және қарапайым болды. Мысалы, «Балдырған», «Ұлан» сынды басылымдарда ұлттық нақыштар – ою-өрнек, киім үлгісі, тұрмыс көріністері жиі кездесетін. Бұл тәсілдер арқылы бала бойына қазақы болмысты дарыту көзделді. Дегенмен, сол кездегі полиграфиялық мүмкіндіктер шектеулі болғандықтан, дизайнерлердің шығармашылық еркіндігі де аз еді. Ал бүгінгі таңда балаларға арналған баспа өнімдерінің дизайны түбегейлі өзгерді. Цифрлық технологияның енуі баспа саласын жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі кітаптар мен журналдар тек ақпарат көзі емес, сонымен қатар баланың қиялын, эмоциясын және эстетикалық талғамын дамытатын визуалды кеңістікке айналды. Қазіргі дизайнерлер балалар психологиясын ескере отырып, жарқын түстерді, заманауи иллюстрациялық стильдерді (мысалы, flat, cartoon немесе minimal design) қолданады. Мысалы, иллюстрациядағы кейіпкерлердің қозғалысқа ұқсас бейнеленуі, беттер арасындағы композициялық байланыс, түстер баланың «экрандық ойлау» жүйесіне жақындатылады. Сонымен қатар шрифт таңдауы да өзгерді. Қазіргі балалар кітаптарында үлкен, оқуға жеңіл қаріптер басым. Бұл тек әдемілік қана емес, когнитивтік қабылдау ерекшеліктерін ескеру нәтижесі. Сондай-ақ цифрлық элементтердің баспаға енуі балаларға арналған кітаптар мен журналдарда QR-код, AR (Augmented Reality – толықтырылған шындық) немесе интерактивті мазмұн элементтері қолданылады. Мысалы, кітаптағы QR-кодты сканерлеу арқылы бала ертегінің кейіпкерлерін экраннан көріп, олардың дауысын естіп немесе анимациясын тамашалай алады. Бұл тәсіл кітапты «тірілтіп», баланың оқуға деген қызығушылығын арттырады. Осындай тәсілдер дизайнның дәстүрлі қағидаларын сақтай отырып, жаңа медианың мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар балалаға арналған дизайн үлгілерінде әлемдік трендтер де әсерін тигізуде: Disney мен Pixar стиліндегі мультфильмдік мотивтер, табиғаттың микроэлементтерін бейнелейтін экологиялық дизайн бағыттары танымал бола бастады. Ең маңыздысы – заманауи дизайн ұлттық мазмұнмен үйлесім тауып отыр. Қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлер заманауи форматта қайта жанданып келеді. Мысалы, Алдар көсе, Ер Төстік сияқты кейіпкерлердің бейнелері қазіргі графикалық технологиялармен жасалып, балаларға жақын, заманауи бейнеде ұсынылуда. Бұл ұлттық мәдениетті сақтап қана қоймай, оны қазіргі заманның тілінде жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы Қазақстандағы балалар баспасөзі тарихында 95 жылдық жолы бар «Ұлан» газеті ерекше орынға ие. Басылым тек ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, жас оқырманның эстетикалық талғамын, қабылдау мәдениетін қалыптастыратын визуалды коммуникация алаңы болып табылады. Осы бағытта газеттің бас редакторы мен дизайнерімен жүргізілген сұхбаттар балалар басылымының қазіргі даму бағыттарын, визуалды шешім қабылдау ерекшеліктерін айқындай түседі. Газет редакторы Жадыра Нармаханова визуалды элементтердің тәрбиелік және психологиялық әсеріне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, балаларға арналған басылымда кез келген бейне, сурет немесе графикалық элемент агрессия тудырмайтын, жағымды эмоция сыйлайтындай болуы қажет. «Балдырған» журналынан өзге, еліміздегі балалар басылымдарының көпшілігінде суретші-иллюстратор штатта жоқ, бұл – қазіргі балалар медиасындағы маңызды мәселе. Бұрын «Ұлан» газетінде иллюстраторлар жұмыс істеген, қазір бұл қызмет алынып тасталған. Сол себепті редакция көп жағдайда иллюстрацияларды интернеттен немесе материал кейіпкерлерінің өз суреттерінен алады. Редактор балалар психологиясына салмақ түсіретін бейнелерді пайдаланбауға тырысатынын атап өтті. Мысалы, медиатренерлер ұсынған «қолына қонжық ұстаған, теріс қарап тұрған бала» секілді суреттердің орнына редакция баланың бойында үрей немесе уайым туғызбайтын, позитивті визуалды шешімдерді таңдауға басымдық береді. Кеңес дәуірінде газеттерде суреттер аз болғанымен, қазіргі «Ұлан» беттерінде әр материалға міндетті түрде иллюстрация қосуға ұмтылады. Бұл тәсіл бала назарын аударуға және оқу процесін жеңілдетуге бағытталған. Балалар мәтінді сурет арқылы қабылдап, қызығушылық танытатыны байқалады.

Ал газет дизайнері Дария Талапова «Ұлан» газетінің көркемдік шешімдері заман талабына сай үнемі жаңарып отыратынын айтады. Оның сөзінше, тақырыптардың шрифті мен түстер үйлесімі ерекше назарда болады. Әрбір сурет пен тақырып өзара үйлесіп, газет бетінің көркемдік тұтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Дизайнер бетті «ашу» мақсатында суреттер мен коллаждарды көбірек қолданатынын, ал мәтін қаріпін (көлемі 10) оқуға ыңғайлы етіп таңдауға тырысатынын атап өтті. Иә, түс үйлесімі мен композиция – балалар газеті дизайнындағы негізгі элементтер. Талапованың пікірінше, сурет пен бояудың үйлесімі визуалды әсерді күшейтіп, оқырманның назарын ұстап тұрады. Сонымен қатар газетте оқушылардың хаттары мен кері байланыстары жиі жарияланып, дизайн мазмұнымен байланысы сақталады. Жалпы алғанда, «Ұлан» газетінің визуалды-дизайндық шешімдері баланың психологиялық қабылдауына бейімделген, мазмұн мен пішіннің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сурет пен мәтіннің үйлесімі, түстер мен қаріптердің дұрыс таңдалуы баланың ақпаратты қабылдау, зейін қою және эстетикалық талғамын дамытуға ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады.

Қазіргі таңда трансформация тек технологиялық емес, мәдени деңгейде де жүріп жатыр. Цифрлық форматтағы балалар басылымдарында ұлттық кодты заманауи визуалды тіл арқылы жеткізу тәжірибесі дамуда. Дизайнерлер қазақ ою-өрнектерін, дәстүрлі түстер мен кейіпкерлерді минималистік немесе мультфильмдік стильмен ұсынуда. Бұл тәсіл ұлттық құндылықтарды бала санасына жеңіл әрі тартымды формада сіңіруге мүмкіндік береді. Ұлттық эстетиканың жаңа медиамен тоғысуы балаларға арналған кітап дизайнының ең тиімді жолы. Өйткені мұндай бейнелер тек қызықты емес, сонымен қатар мәдени танымдық мағынаға ие. Цифрлық дәуірдегі визуалды дизайн баланың зейінін аударып қана қоймай, оның қиялын, эмоциясын және танымдық белсенділігін дамытуға бағытталуы тиіс. Түстердің үйлесімі, иллюстрацияның бейнелік мәні, шрифт пен композицияның бірегейлігі – бәрі баланың эстетикалық талғамына әсер етеді. Егер бұрын кітап оқу – таным көзі болса, қазір ол баланың визуалды әлеммен өзара қарым-қатынас формасына айналды. Сол себепті дизайнерлер тек көркемдік емес, психологиялық факторларды да есепке алады: ақпараттың қарапайымдылығы, бейненің эмоциялық жылы болуы, көзге жағымды түстер палитрасы сияқты.

Қорыта айтқанда, цифрлық дәуір балаларға арналған баспа өнімдерінің дизайнын түбегейлі өзгертті. Кітап пен журнал енді жай ақпарат көзі емес, мультимедиалық мәдени өнімге айналып келеді. Бұл өзгеріс баланың назарын ұстап тұрып, оқуға деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарады. Бірақ басты мақсат – технологияны мақсат емес, тәрбие мен мәдениет құралына айналдыру. Яғни, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұлттық рухты, адамгершілік пен сұлулықты сақтай білу – қазіргі балалар кітабының басты миссиясы. Себебі балалардың электронды құрылғыларды белсенді қолдану тәжірибесін, баспа өнімдеріндегі дизайнның бала дамуына әсерін зерттеу ерекше назар аударуды қажет етеді.

Динара Боранбай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 1 курс магистранты

Ұқсас жазбалар

Цифрлық амнезияға қарсы инфографика

admin123

ҒАЛАМТОР ТОРЫНДАҒЫ ЖАСТАР

admin123

Қуыс үйден қашу: Нелли Блайдың тарихы

admin123