Әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал онда жалған ақпарат тараса, зар­дабын есептей беріңіз. Сол тәрізді жуырда желіде елді дүрліктірген фейк ақпарат пай­да бол­ды. «Қазақстан Қытай құрамына кіреді» дегенді оқығанда мұның арандату екенін бір­ден аңғардық. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жалған деректі кім таратты? Елімізде оған қандай қылмыстық жаза қарастырылған?
Бір жазбаның білдей ықпалы
Жақында ғана әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның елі­міз ҚХР құра­мына кірген жағдайда оның сыртқы қарызының басым бөлігін жабуға дайын екенін» мәлімдегені туралы хабарлама елге таралып кетті. Бірақ ақпараттың рас-өтірігін ажыратпастан фейк дерекке сенгендердің де барын аңғардық. Ал оны таратқан Instagram желісіндегі qazinform24 атты парақша. Шынайы жаңалықтар жарияламайтын сатиралық ак­каунт. Профильде «аккаунт сати­ралық контент пен фейк жаңа­лықтар жариялайды» деп алдын ала ескерткен екен. Әйтпесе, Қа­зақстандағы ҚХР елшілігінің ресми сайты да, Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо да мұндай мәлімдемелер жасамаған. Демек, ҚХР құрамына кірсе, Қазақстан­ның сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар өтірік. Бұл жерде мәселе мынау – жалған ақпаратты таратқандар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көр­сетпей жариялаған. Соның ке­сірінен қоғамда сәл де болса дүмпу болғанын көрдік. Ал жаңағы па­рақ­шаның авторлары өздерін кінәлағандарды әжуалап, «сатира­лық, фейк ақпарат екенін алдын ала ескерттік» деп жауап қатудан әрі аспай тұр. Әзірге qazinform24 аккаунтын жүргізіп отырған аза­маттарға жаза қолданыла ма, ол жағы белгісіз. Құзырлы органдар тарапынан оларға қатысты ресми мәлімдемелер шыққан жоқ. Па­рақша жұмысын әлі жалғастырып жатыр.